Ұлттық ЖИ?
Harvard Business Review, AT&T-дың технологиялар бойынша вице-президенті Мазин Гильберттің өршіл жоспарлары туралы хабарлайды. Ол компанияның барлық жұмысшылары, әсіресе компьютерлік технологиялар бойынша арнайы білімі жоқ, тіпті программалауды білмейтін жұмысшылардан бастап ЖИ-ті пайдаланғанын қалайды. ЖИ демократизациясы деуге болады және ол мақсат үшін компания әркім өз жұмысына керек қосымшаларды жасауы үшін арнайы платформа құрастырып жатыр.
AT&T және оның серіктестерінің жоспарларында ЖИ-ты дамыту жолындағы ең басты мәселе – ЖИ облысындағы күрделі алгоритмдерді құрастыратын мамандардың жеткіліксіздігі. Демократияландыру екі бағытта іске асырылады деген болжам бар. Біріншісі, AT&T сияқты үлкен компаниялар жұмысшыларының жемісті жұмысы үшін керек қосымшалар дайындау. Екіншісі, платформа қазіргі ірі технологиялық компаниялар ғана пайдаланатын мүмкіндіктерді кішкентай компанияларға да алуға көмектеседі.
Қолжетімділік пен мүмкін болатын әсерлер Microsoft-тың Excel қосымшасының келуімен және қазіргідей кең таралуымен салыстырылады. AT&T платформасы арнайы интерфейс элементтерінен тұратын болады және Excel-де жұмыс жасайтын мамандар секілді қажетті қосымшаларды жинауға болады. Дәл осындай қызметтерді ЖИ-тің әртүрлі модельдерін құрастыруға мүмкіндік беретін машиналық оқытудың автоматтандырылған платформасын жасап шығарған DataRobot Inc. компаниясы ұсынады. Компания банк, сақтандыру және тағы басқа да салалардағы жүздеген клиенттерге қызмет көрсетеді. Тұтынушылар платформада кіріс деректерін талдайды, мысалға, ипотеканың қайтарылу қаупін болжау, көптеген жаңа өнімдерді жылжыту үшін клиенттердің әрекеттерін болжау.
Біз осыған дейін «Өз Жасанды Интеллектыңды жаттықтыр» мақаласында Google Cloud AutoML жаңа қызметтері бойынша ЖИ-ті қарапайым техникамен жаттықтыру туралы ақпарат жариялаған едік. Енді компания өз кезегінде машиналық оқыту бойынша өзге қосымшаларды жасайтын машиналық оқыту жүйесін құруға ниет білдіруде. Бұл жердегі негізгі мақсат — ЖИ-ты миллиондаған пайдаланушыларға қол жетімді ету. Жалпы трендтен Microsoft та нейрондық желілерді ешқандай бағдарламалаусыз құруға арналған myEinstein құралдарымен қалыспауда.Сонымен қатар, біздің ойымызша, жоғары технологияларға мамандандырылмаған, Uber компаниясы машиналық оқыту қызметтерімен Michelangelo платформасын ұсынып отыр. Тұжырымдау мен болжау бойынша ЖИ модельдері ақпараттарын басқару, оқыту, бағалау және шашу қабілеттеріне ие платформа әрі қарай сол болжамдарды бақылаумен айналысады.
ЖИ платформаларын барлық жетекші жоғары технологиялық компаниялардың көпшілікке ұсынуы бірден-бір күтпеген үрдіс. Олардың әрекеттерінің бір уақыттылығы күдікті. Әлде, олардың арасында келісім бар ма, не басқа нәрсе бар ма? Бұл тенденция, машиналық оқыту мен өте күрделі алгоритмдерді жасайтын жоғары білікті таланттар жетіспейтін жағдайдағы қоғам мен бизнестің игілігі үшін, ЖИ-ты жедел дамыту қажеттілігімен байланысты деп сенгіміз келеді.
Барлық деректерде, әлемде алгоритмдер құрастырып, ЖИ-ты үйрете алатын 10 мың маманның бар екендігі туралы және барлық бизнес құрылымдардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін осындай таланттардың жеткіліксіздігі туралы айтылады.
Жақсы, бұл шынымен солай болса, онда бұл ЖИ платформалары басқа ЖИ-ді оқыта алады, ал олар өз кезегінде басқаларды оқытады, сонда адамға арналған орын қайда? ЖИ қосымшаларын жасағысы келетін шағын компаниялар мен стартаптарға қолдау көрсету «жақсы» ниетін жамыла отырып, олар нарықты иемдену мен адам капиталын құнсыздандыру жөніндегі өздерінің корпоративті мақсаттарын жүзеге асырғалы жатқан жоқ па? Халық Google және YouTube-ке тәуелді болғандай, барлық адамдарды өздерінің платформасынан шығармайтындай және тек жаңа қосымшалар жасауды, не қандай да бір процесті автоматтандыруды көздеп отырмағанына кім кепіл. Excel-дегі кестені құру сияқты, ЖИ-ке арналған қосымшаны оп-оңай әзірлеу мүмкіндігі тым күдікті деп ойламайсыз ба?
Мен қауіпсіз ештеңе ұсынғым келмейді, бірақ әртүрлі девелоперлер жасаған қосымшалардың барлығын бір ЖИ-ке біріктіріп, әлдебіреулер өздері иемденіп алып, одан да күрделі ЖИ қосымшаларын Microsoft Office секілді бір басқанда жүктеп алатын қосымша қылып алмасына кім кепіл? Ақыр соңында, барлық ақпарат платформаларға орналастырылады және бәрі олардың қолында болады және оған кім кедергі бола алады? Ал экспоненциалды дамуды кім алады, жеке қосымшаларды жасағандар ма, әлде сол қосымшалар орналасқан платформалары барлар алады ма? Дұрыс айтасыз, әрине, соңғысы!
Болашақта маған мынадай картина елестейді: сіз компьютерлер дүкеніне барып, қазір компьютер сатып алғандай, өзіңізге қажетті сипатта және бағада робот сатып аласыз. Үйге келіп, Google, Microsoft немесе AT&T қосымшаларын роботыңызға әп сәтте жүктеп аласыз. Сізге өзіңіздің рецептіңіз бойынша кофе жасайтын және тіпті оны төсекке әкелетін өз көмекшіңіз болады. Мұндай сценарий платформа иелеріне үлкен мүмкіндіктер бере алады. Мысалға, бұл қосымшаларда шартты құпия код болып, оны белгісіз біреулер шартты белгі бойынша өз мақсаттарында қоспауларына кім кепілдік береді? Айталық, радио арқылы сіздің сүйікті музыкаңыз ойнап жатыр, сол әндердің бір сөзі, іс-қимыл үшін шартты сигнал болады. Қандай әрекет деп болжамаймын, менің ойымша, сіз қазірдің өзінде өзіңіз түсінген шығарсыз.
Енді ең маңыздысы туралы, әр ел ұлттық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі үшін ЖИ қосымшаларын жаппай қолдануға рұқсат бере ме? Өмір көрсетеді. Сонымен, қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етеді? Өйткені әр бизнес бәсекелестерінің мүмкіндіктеріне ие болғысы келеді. Толық роботтандыру мен автоматтандырудың арқасында тауарлар мен қызметтердің барлық түрлерінде бағаның түсуі және шектен тыс тауарландыру болатынын ұмытпаңыз. Арзан тауарлар шекараны еркін кесіп өтеді, содан кейін ұлттық бизнес құрылымдар қайда қалады? Дәл солай, олар бәсекелестікке төтеп бере алмай, жоғалып кетеді.
Ойымды толықтыруға, кішкене параллель жүргізгім келеді. Жаһандану барлық шекараларды кесіп өтті және планетаның төр құбыласын шарлап өтті. Біздің өмірімізге әсері мынадай: көптеген кәсіпорындар ескі модельмен шыққан өнімдерді сатып алуды тоқтатты, ал тұтынушылар жақсартылған, әлдеқайда тиімді, сапалы өнімдер алды, бұл жақсы. Тұтынушылар жеңіске жеткен сияқты, бірақ ұлттық деңгейде зауыттар жабылып, адамдар жұмыссыз қалды, ал шетелге ақша ағылып жатыр. ЖИ-дің пайда болуымен не болатынын ешкім білмейді, бірақ оның ықпалы әлдеқайда терең және кең болады, ұлттық деңгейдегі бизнес одан әрі жеңіліске ұшырайды деп болжауға болады, тек жұмыс орындары ғана емес, зауыттар мен фабрикалар жойылып, адамдардың психологиясы өзгереді. Бұл жағдайда үкімет ұлттық бизнес мүдделерін қорғау үшін өздерінің ЖИ платформаларын іске қоса ала ма, жоқ па, уақыт көрсетеді. Қазіргі кездегі басты қару — үлкен, тіпті орасан зор дерекқорлардың болуы. Дерекқорлар кімде көп, солар ЖИ платформаларын құруда бәсекеге түсе алады. ЖИ-ты жаттықтыру үшін аппарат пен талантты мамандар жеткіліксіз. Қарыны аш ЖИ-ты тамақтандыру үшін үлкен мәліметтер базасы қажет. Мен «ақпарат — бұл билік» деген мезі болған сөйлемді қайталағым келмейді, бірақ іс жүзінде бәрі осылай болады.