Цифрлық трансформация

Цифрлық трансформация дегеніміз не және ол не үшін қажет? Соңғы кезде ақпарат арналарында цифрландыру туралы көп жаңалықтар пайда болуда. Күні кеше Қытай мен Қазақстан арасында КТЖ жүйелерін түгел цифрландыру туралы келісім-шартқа қол қойылды. Цифрландыру туралы мәліметтердің аздығынан бұндай ақпараттарға көпшілік мән бермеуі де мүмкін. Сол себептен, бұл ақпараттық үңгірді аз да болса жабуға тырысып қарайық. Компаниялар цифрлық трансформацияны неге қалайды, оны қалай бастау керек, нені өзгерту керек және мұны қалай жүзеге асыру керектігі туралы әңгіме бастайық.

Ең алдымен, цифрландыру уақыт талабы бола тұра, одан ешкім қашып құтыла алмайтындығын тез түсінген жөн. Цифрлық трансформацияны қалай жүзеге асыру керек, қандай процестер трансформациялануы керек және оның барлығын кім жүзеге асырады деген сұрақтарға жауап беру үшін жан-жақты ойластырылған трансформация стратегиясын әзірлеу қажет. Төменде көрсетілген тұжырымды негіздерді стратегия қамтуға тиісті болып табылады:

  • трансформация мәселелері бойынша кеңес беру үшін мамандандырылған компанияларды жалдау
  • стратегия сіздің қызметкерлеріңізді қамту, жұмыс ортасын демократияландыру, негізгі құрылымдық бөлімше мен IT департаменті арасындағы түсініспеушілік мәселесін шешу
  • клиенттерге, олардың қажеттіліктеріне назар аудару
  • бизнесіңізді өзгерте алатын технологияларды анықтау
  • тәуекелдерді анықтау және бағалау
  • жетекші нарық қатысушыларымен салыстырғанда өзіңіздің күшті жақтарыңызды дұрыс бағалау және ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді мақсаттар қойып білу
  • жол картасын әзірлеу және әр кезеңнің соңында қол жеткізу үшін нақты мақсатпен бүкіл жолды трансформация фазаларына бөлу
  • экосистеманы құрастыруды бастау
  • таңдалған технология мен ақпаратты жинау әдістерін қуаттау үшін түрлендіргіңіз келетін процестердің деректер базасын құруды бастау.

Корпоративтік мәдениет

Қазіргі уақытта біздің ұжымдарда не болып жатқанын және біздің IT мамандарымыздың қандай рөл атқаратынын бәрі біледі, бизнес-процестің 90% әлі де қағаз жүзінде болып, ал IT қызметкерлері жәй техникалық қызмет көрсетуші персонал ретінде танымалы.

Дегенмен, ұжымыңызды цифрлық трансформацияға қол жеткізе алатын жағдайға дейін өзгерткіңіз келсе, ең алдымен бизнес пен негізгі қызметкерлердің технология жүйелеріне және осы салада жұмыс істейтін мамандарға деген көзқарастарын өзгертуі қажет болып табылады.

Трансформация процесінде IT мамандары алдыңғы шепте болуы керек, өйткені олар ғана трансформация процесінің барлық кезеңдерінде жетекші күшке айнала алады. Программирование тілдерін білмейтін және ақпараттық жүйенің неден тұратынын ерекше елестете алмайтын контингенттің қалған бөлігі жаңа жұмыс әдістеріне қайта үйренуге дайындалулары қажет.

Сірә, қайта жұмыс әдістері жаппай программист болу емес, жаңа цифрлық жүйелермен жұмыс істеудің жаңа әдістерін меңгеру, деректерді енгізу және алынған қорытынды нәтижелерді интерпретациялау әдістерін меңгеру деп түсіну керек.

IT мамандары трансформацияның негізі бола тұра, олардың арасында мақтаншақтық табылмайды және сіз олардың арасында қажетті ақпарат пен білімді оңаймен таба алмайсыз. Олар сіздің жоспарларыңыздың шынайы беріктігіне сенімді болмаса, өз білімдерімен бөлісуге дайын емес. Сенімділік артпаған ортада, олар жәй ынтасыз қатысуға дайын бола тұра, қарапайым жұмыс кездерінде жиі болатын шексіз сөйлесу мен бос уақытты өткізуден алшақ болып, әбігерсіз үнсіз жұмыс істейді. Олар нақты біледі, егер біреу кенеттен бірдеңені енгізуге болатыны туралы, немесе цифрлық жүйелерде қандай да бір жақсартулар жасауға болатыны туралы білдіре қойса, кәсіпкерлер бірден жабыса кетіп, айтарлықтай қаржылық ынталандырусыз және аппараттық-техникалық базасыз талап қоя бастайды.

Сондықтан, егер сіз олардың қолдауын және толық қатысуына кепілдік алғыңыз келсе, IT мамандарыңызға сезімтал болуды ұсынамын. Бұл бизнес пен IT бөлімін жақындастырудың алғашқы қадамы болмақ. IT мамандары қаржылық және маркетингтік қиындықтарға араласқысы келмейтінін біліңіз. Сіз оларға бизнес ақпаратыңызды сөрелерде сұрыптауы, бизнес деректеріңіздің құрылымы мен құрамы бойынша ретке келтіруі, адамдар мен машиналар үйлесімді жұмыс істеуі үшін жинау, өңдеу және талдау процесін құруы үшін тегіс еркіндік беруіңіз қажет. Тек содан кейін сіздің деректеріңізбен ақылды түрде нені өзгерту керек және қалай түрлендіру керек туралы олардың пікірін ала аласыз.

Бизнестің негізгі департменттері IT мамандарының ұсыныстарын мұқият тыңдап, жалпы трансформацияның табиғатын түсінуге тырысу үшін олардың жұмыс стиліне аса мән берулері қажет.

Отандық компанияларда бизнесті басқару жүйесі қалай құрылғаны бәрімізге білгілі, қатаң тік құрылым, барлық шешімдер жоғарыда бір адаммен қабылданады, ел ішінде ол “қолмен басқару” деп аталады.

Бұл қазіргі экономикалық формацияда жұмыс істейді, бірақ келешек цифрлық формацияда жұмыс істемейді. Шешім қабылдау жауапкершілігін жергілікті мамандарға тапсыруға, былайша айтқанда, бизнесіңізді демократияландыруды жүзеге асыруға тура келеді.

Кәсіпорынның горизонталдық интеграциясы жүйелердің өзара байланысын жақсартуға көмектесу, ақпарат пен ресурстарды үздіксіз жылжыту арқылы бизнес-процестерді жеделдету, әртүрлі жүйелер арасында еркін байланыс және ақпарат алмасу арқылы бизнес мәселелерін тиімді шешу және өнімділікті арттыру үшін қажет.

Керек бизнес деректеріне назар аудара отырып, толық мөлдір ортада жылдам байланыс жүйелерін пайдаланып, кез келген жерден кез келген уақытта жұмыс істеуге мүмкіндік беретін операциялық процестің мүмкіндіктерін енгізу арқылы мамандардың мүмкіндіктерін кеңейту уақытты босқа кетіруді болдырмайды және тіпті ішкі ресурстарды жұмылдырады.

Критикадан қорықпайтын, ақпарат пен тәжірибенің еркін алмасуы басым болатын толық сенімділік ортасы, мамандардың ашық тәжірибе бөлісуіне және олардың жұмысындағы шығармашылықтың артуына себеп болады. Осындай ортада талантты тани білу және марапаттай білу ұжым мен өндірісте беделді арттыру тәуір корпоративтік мәдениеттің қалыптастыруна ықпал етеді.

Цифрлық трансформацияның құрамына не кіреді?

Әрине, цифрлық трансформация жаңа компьютерлер сатып алып, Windows жүйесінің жаңа нұсқасын орнатып, жылдам Интернет қосып және өзіңіздің компанияңыз бен тұтынушылар туралы ақпараттарды веб-сайтыңызда жариялағаныңыз туралы емес.

Бұл, ең алдымен, сіздің өнімдеріңізде және қызметтеріңізде физикалық үлгіден цифрлыққа ауысатын бизнес үлгісіндегі өзгеріс. Цифрлық қызметтерді ортақ пайдалану, сіздің тұтынушылар сияқты өзіңіздің цифрлық қызметтеріңіздің ішкі пайдаланушысы болуыңызды талап етеді. Сондай-ақ мен сізге біздің веб-сайттағы https://techno-alem.kz/digital-ecosystems/ мақаласымен танысуға кеңес беремін, онда сіз экосистемасыз толық цифрлық компания болу мүмкін емес екенін біле аласыз.

Алдымен өзіңіздің экосистемаңызды құру қажет болады және оны жалғыз жасай алмайсыз, мердігерлеріңізді, тұтынушыларыңызды және тіпті бәсекелестеріңізді белсенді қатысуға шақыруыңыз керек. Мұның бәрі сізге қай экосистеманың қолайлы екеніне байланысты.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы туралы айта тұра, цифрлық трансформациядағы тұтынушылардың рөлін төмендетіп алмау керек, өйткені барлығы олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру, аналитикалық нарықты сегменттеу, болжамды маркетинг, өнімдермен өзара әрекеттесу тәжірибесін алу арқылы жанашырлық пен қатысушылық мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жасалады. Тұтынушылар қызметтерді көп арналы жүйелер арқылы кез келген жерде және кез келген уақытта сатып алмас бұрын байқап қарау тәжірибесі үлкен бәсекестік жетістік береді. Тұтынушының кері байланысы олардың ұсынылатын қызметтер мен өнімдер туралы пікірлерін талдау, бар қызметтер мен өнімдерді жақсарту немесе жаңаларын ойлап табу мүмкіндігін алу үшін өте маңызды. Мұны істеу үшін тұтынушымен үздіксіз байланыс арналарын құру және оларға қолдау көрсету керек, осылайша байланыс процесі тұтынушы үшін оңай және қарапайым болуы тиісті, өйткені прогресті олар байқайды және сіздің бизнес-процесіңіз олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана жарық көріп отыр.

Цифрлық бизнес моделдер

Цифрлық бизнес модельдерден мысал келтіретін болсақ, Uber, Airbnb, Facebook және Instagram сияқты жаңа бизнес үлгілері бар компанияларды қарастыруға болады. Әр қайсысы цифрлық платформа деп аталатын бизнес моделін пайдаланып отыр. Бұл цифрлық платформалардың өздерінде бизнес-процеске қатысатын жеке негізгі құралдары жоқ, және олар өздерінің веб-сайттарының мазмұнын жасаумен айналыспайды.

Airbnb қонақ үй қызметтерін көрсету үшін қонақ үй ғимараттарына иелік етпейді. Платформа арқылы табыс тапқысы келетін қолданушылар Airbnb платформасында өздерінің пәтерлері мен үйлерін көрсетіп, бизнеске қажетті негізгі мазмұнды құрайды. Airbnb-дің бүкіл бизнесі сол құрылған платформаны жақсы қызымет көрсетумен ғана шектеледі.

Сондай-ақ, Facebook және Instagram өз сайттарында трафик жасамайды немесе мазмұн жазбайды, сол платформалардың қызыметтерін қолданушылар жасайды. Олар сайттардың мазмұнын сурет, видео, мәтіндер мен комментарилар арқылы жасайды және достарын көруге шақырады, осылайша қатысушылардың санын көбейтіп, үлкен трафикті тудырады, сондықтан бұл платформаларды жарнамалаудың қажеті жоқ. Мұнда да құндылықтарды компания ішінде емес, сыртқы жазылушылар жасайды. Сол сияқты, көптеген цифрлық компаниялар фрилансерлердің артықшылығын және олардың инновациялары мен зерттеу мүмкіндіктерін экосистемадағы қосымша зерттеу бөлімі ретінде пайдаланып отыр.

Интернеттің алғашқы күндерінде біз қозғалмайтын жәй мәліметі бар веб-сайтарды көріп едік. Ал енді, әлеуметтік байланыс, сатып алу және сату арналары және көптеген мультимедиялық кеңістіктері бар интерактивті арналарға айналғандығына күәміз. Технологияның дамуымен біз Интернеттің үшінші буынының табалдырығында тұрмыз, онда Жасанды Интеллектер, Заттар Интернеті, Блокчейн және Цифрлық Егіздер (Digital Twin) сияқты көптеген технологиялар өз ара үйлесімді бизнес пен адам өміріне үлкен әсер етуге жақын тұр. Осындай технологиялық жетістіктер сіздің бизнесіңізді трансформациялау арқылы негізгі бизнес процестер, компания шығаратын өнімдер және тұтынушыларға ұсынылатын қызметтер сияқты бизнестің әртүрлі құрамдастарына әсер етуі күмәнсіз.

Өнім және бизнес процестерді цифрландыру

Майкл Э. Портер және Джеймс Хеппелманн Гарвард бизнес шолуында өнімді цифрландыру үшін үш негізгі элемент: физикалық құрамдас, ақылды құрамдас және желіге қосылу құрамдасы болуы керек деп мәлімдеді.

Физикалық құрамдас механикалық және электрлік бөліктерден тұрады. Ақылды құрамдас сенсорлардан, микропроцессорлардан, деректерді сақтаудан, бағдарламалық құралдан, интерфейстен және басқару функцияларынан тұрады. Желіге қосылу компоненті деректер мен сигналдар берілетін порттардан, антенналардан және сымды немесе сымсыз қосылымдарға арналған протоколдардан тұрады.

Ақылды және өзара байланыстағы өнімдер пайдаланушыларды қоршаған ортамен және басқа өнімдермен байланыстыра алады және осылайша цифрлық жүйені құрауға қатысады.

Функционалды түрде цифрлық өнімдердің әдеттегі өнімдерден айырмашылығы ендірілген мониторлар пайдаланылатын өнімнің жұмыс күйін, қолжетімді функционалдылықты және өнімнің жұмыс кезінде бір-біріне қосылған басқа өнімдермен бір желіде қалай жұмыс істейтінін көрсете алады.

Цифрлық өнімдер белгілі бір режимде жұмыс істеу үшін басқару функцияларын орындауға, өнімді қоршаған орта жағдайының өзгеруіне байланысты жауап беруге және сол арқылы белгілі бір әрекеттерді орындауға және өзгеретін ортаға бейімделуге бағдарламалануы мүмкін.

Цифрлық өнімдерді нақты уақыттағы алгоритмдер мен аналитика арқылы немесе өнімділік пен тиімділікті арттыру үшін тарихи деректерді пайдалану арқылы оңтайландыруға болады.

Мысал ретінде General Electric компаниясының Predix платформасын келтіруге болады, ол вагон осьтерінің жұмыс бөліктеріндегі кішігірім режимнен тыс жасап тұрған кемшіліктерді белсенді түрде анықтайды және сол жағдай іргелес бөліктерге де әсер етіп, кейін кемшіліктер ұлғайып, соған байланысты ықтимал күрделі және қымбат жөндеулерді болдырмайтын техникалық қызмет көрсетуді болжайды.

Бизнес-процесті цифрландыру өнімсіз қол жұмысынан, қажетсіз қағазбастылықтан құтылу және ішкі бюрократияны азайту үшін «нені автоматтандыруға болады» деген сұрақтан басталады.

Бірнеше өзара тәуелді және бірін-бірі толықтыратын цифрландырылған өнімдерді бірге пайдалану кеңейтілген функционалдығы бар цифрлық өнімдердің кеңейтілген жүйесін алуға мүмкіндік береді. Бірнеше осындай жүйелерді одан әрі біріктіру цифрлық бизнес-процестің пайда болуына әкеледі.

Цифрлық процестің бір мысалы General Electric компаниясының қатпарлы өндірісті қолдана отырып, реактивті мотордың  маңызды бөлшектерін жасау тәжірибесі болып табылады. Қатпарлы өндіріс туралы мында: https://techno-alem.kz/3d-printing/ танысуға болады.

GE конструкторлары жанар май шығынын сонымен қатар көміртегі шығарындыларын айтарлықтай азайтуға қабілетті жаңа қозғалтқышты әзірледі. GE инженерлік бөлімінің басшысы Мухаммад Этишами негізгі құрамдас бөлігі отын инжекторының өте күрделі интерьері болғанын айтады, онда инжектордың ұшы қозғалтқыштың жану камерасына отынды шашады және қозғалтқыштың қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін анықтауға көмектеседі.

Форсунка ұшының геометриясының күрделі болғаны сонша, 20 бөлікті дәнекерлеуге тура келді, ал бөлшектер компанияның шеберханаларында сегіз рет сәтсіз қалыпқа құюмен аяқталды. Түбінде, GE қатпарлы өндіріс әдістерін қолдануға мәжбүр болды. Лазерлік ұнтақты дәнекерлеудің көмегімен компания өте күрделі құрамдас бөлікті мінсіз дәлдікпен шығара алды және сонымен бірге таңбалау, кесу, дәнекерлеу, термиялық өңдеу, тегістеу сияқты әдеттегі өндірістік тәжірибеде орындалатын бірнеше операцияларды жоққа шығарды.

Нәтижесінде кәсіпорын бір бөлік жасау процесінде 20 түрлі бөлшектерді алып, салмағын 25%-ға азайтуға қол жеткізді және кәдімгі өндірістен 5 есе берік құрамдас бөлікке ие болды.

Әрине, әрбір саланың өзіндік ерекшеліктері бар, бастапқы кезеңде оны бәсекелестер мен серіктестерге еріп қайталауға немесе тіпті көшіріп алуға да болады. Артынан заманауи технологияны енгізу үдерісі бизнеске оң әсер ете бастағаннан кейін, компанияда түсіністік, ынтымақтастық және мөлдірлік атмосферасы орнаған соң, одан да жетілдірілген және қымбат технология мен жүйелерді меңгеруге болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.