Роботтар қоғамы?
BBVA-дің 70 жылдан бері компьютерлер машиналардың жұмысын басқарып келеді деген тұжырымды мақаласына көзім түсті. Сол периодта компьютер қуаттылығын арттыру деңгейі адамдарды жұмыстан шеттету деңгейінен жоғары болғандығы және алдағы уақытта да компьютер қуаттылығының экспоненциалды дамуына қарамастан шеттетулер әлсіз бірқалыпты түрде дамиды деп тұжырымдалған. Өкінішке орай, бұл тұста адамзатқа қарқынды дамып келе жатқан компьютер қуаттылығымен ғана емес, жасанды интеллектпен де бәсекелестікке түсу фактісі ескерілмеген.
Әрі қарай автор келешекте қазіргі адам басқарып отырған қоғам әлем эволюциясы нәтижесінде біртіндеп роботтар басымдықта болатын қоғамға айналады дейді. Яғни уақыт өте келе соған дейін адамдар құрған әлеуметтік топтардың орнын роботтар құрған әлеуметтік топтар басып, тіпті роботтар қоғамы қалыптасады деген ойда. Роботтардың келешегіне әсер ету үшін, адамзат қазірден бастап ғаламдық ұйымдардың арасында ресурстарды шоғырландыру арқалы және ортақ жаһандық нормативтік база құру арқылы роботизация қарқынын нақты бақылауға шақырады. Себебі, әлсіз ұйымдастыру құрылымы роботтар қоғамдастығының нығаюына тиімді мүмкіндіктер бермек.
Бұл тұста автордың қиялы, әлде расында ғылыми негізі бар екендігін білмедім, бірақ алдағы уақытта адам сияқты ойлай алатын, адам миының эмуляциясы (имитациясы) бар, «эмдар» деп атап өтейік, роботтар толқыны пайда болмақ. Эмдарды жасап шығару үшін адам миын оған тән барлық клеткалар құрылымдары мен байланыстарын бірге сканерлеп, соған сәйкес барлық клеткалар құрылымдары мен байланыстардан келіп түсетін сигналдарды өңдей алатын компьютерлік модель жасау керек деп ұсынады. Болжам бойынша, Эмдар сонда адам сияқты білім алып, достары, махаббаты, басшылары мен коллегалары бар қалыпте өмір сүре алатын сияқты. Адам да сондай эмдармен сөйлесіп, белгілі бір жұмыстарды атқарудың пайдасына көндіре алатын жағдайға жетпекші.
Барлығын тек жақсы жағынан көре білген қандай ыңғайлы? Алайда, олар адамдар сияқты жақсы көре білсе, онда адамдар сияқты жек көру қасиетінде игереді емес пе? Сондықтан адам миын сканерлеу барысында оның бойындағы жақсы қасиеттерімен қатар, тек қана адамға тән жаман қасиеттер де роботтарға тән болмақ.
Болжам бойынша, алдағы жүз жылдан кейін жоғарыда аталған эмдарды жасай алатын технологияларға қол жеткізіліп, екі жүз жылдан кейін олар осыған дейін адам қолымен істеліп келген барлық қызметтерді атқара алады.
Міне, адам еңбектенетін кезең де өз шектеуін тапқан сияқты. Оған дейін жету үшін де әлі екі жүз жыл күту қажеттілігін айту өте ыңғайлы. Ал, осыған дейін адамның ішкі органдарын басып шығарып бастаған 3D баспаның дамуы қалай болмақ? Жүз жылдан кейін кім біледі, мүмкін сол баспада адам органдарының барлығын басып шығарған жағдайда жердегі адамдардың өмір жастары ұзарып, Жер бетінде адам саны артып, тығыздала түспек. Ендеше, роботтандыру мен жұмыс орындарының қысқару сәйкестігі қалай жүзеге аспақ? Бір қызығы онда барлығымыз әнші, биші, футболист немесе жай ғана қиялы адам болып, төрт жылда бір ұйымдастыратын мундиальды жыл сайын өткізіп, өмір сүре берер ме екенбіз.